Мерейлі мектеп
«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», - дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев осындай жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуді білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай да жасалуда.
ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен - күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Заңғар жазушы М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» десе, көреген ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдайды. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден - бір дара жолы - білім жүйесі. Орта мектеп - білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады.
2014 – 2015 оқу жылында Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Халыққа Жолдауында баса назар аударылған үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында Ақшұқыр мектеп –лицейі ашылған болатын.
Кәрі Каспийдің жағасында орналасқан жаңа білім ордасы – Ақшұқыр мектеп – лицейінің ашылғанына бір жыл толмаса да жетістігі ұшан – теңіз.
Алғашқы оқу жылын артқа тастаған аталмыш білім ордасының ойы озық, шығармашылығы шырқау, ізденісі ілгері ұстаздары білім бәсекелерінде бірнеше мәрте белсенділік танытудан танған емес.
Жас та болса терең танымымен, тынымсыз тірлігімен тың серпіліс танытып үлгерген үлгілі ұстаз Жүсіпова Жазира Өтесінқызы оқу жылының басында өткен «Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік оқытушысы» сайысында жүлдегер мұғалімдердің көшін бастап, облыс әкімінің грантын жеңіп алды. Жеңімпаздар көшін «Бастауыш сынып мұғалімдері олимпиадасының» ІІ орын иегері ізденімпаз ұстаз Бисенова Үмітхан Әмірқызы, «Үздік сынып жетекші» байқауының ІІІ орын жеңімпазы жаңашыл жетекші Дуйсенбекова Бердігул Рзаханқызы, «Тілші мұғалімдер олимпиадасының» І орын иегері қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің шебер де шығармашыл мұғалімі Хасанова Інжу Өтегенқызы, «Үздік психолог» байқауының І орын жеңімпазы, бала жанының бағбаны Дүйсенбаева Акерке Қайырғалиқызы жалғастырып, республикалық деңгейге жолдама алды.
2014-2015 оқу жылында біздің білім ордамызда Ақтөбе қаласындағы Халықаралық Экология және Инженерия Ғылым Академиясымен кәсіби әріптестік байланыстың іргетасы нық қаланды. Аталмыш академияның ұйымдастыруымен өткен түрлі байқауларда терең теориялы, тың тәжірибелі танымал ұстаздар тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Кадирова Алия Айытжанқызы мен математика пәні мұғалімі Елеуова Шынар Кәрімқызының білім-білігі басымдық танытып, нәтижесінде «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және «Қ.И.Сәтбаев атындағы орденмен» марапатталды.
Жарыс мәресінде шыныққан Алия Айытжанқызы 2015 жылдың 14 наурыз күні Ақтөбе қаласында өткен «Ұлағатты ұстаз – 2015» байқауында да бақ сынап, Халықаралық Экология және Инженерия Ғылым Академиясының І дәрежелі дипломын, жеңіл автокөлігін және гауһар жүзігін иеленді. .
Астана қаласында 12-13 маусым күндері «Образование сегодня: теория и практика современной практики» атты республикалық ашық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Соның сырттай эсселер байқауына қатысқан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сағындықова Гүлнардың орыс тілінде жазған «Моя школа - моя жизнь» эссесі үздік деп танылып, А.Байтұрсынов атындағы медальді және қатысқаны үшін берілген сертификатты иеленді.
Халықаралық экология және инженерия ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен «Ең үздік сабақ - 2015» атты республикалық байқауында жоғары санатты ағылшын тілі пәні мұғалімі Аманкул Қопашованың сабағы жаңашылдығымен ерекшеленіп, І орынға ие болды.
Тағы бір жетістік, бастауыш сынып мұғалімі Тойжан Ескелдінің «Интеллект» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Әдістемелік әзірлемелер» республикалық қашықтық конкурсына ұсынған «1 сынып. Ана тіліне арналған тест жинағы» (№ 6, 07.04.2015 жыл) атты жұмысы ІІ орынға лайық деп бағаланды.
Біз өмір сүріп отырған ғасыр -білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні жарық, болашағы жарқын. Жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалайтын білім ордалары шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес.
Әр оқу жылы сайын дәстүрлі түрде өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасындағы олимпиада үстіміздегі оқу жылында да оң жалғасын тапты.
Білім бәйгесінің облыстық кезеңінде оза шапқан 8 оқушы республикалық сайысқа жолдама алып, нәтижесінде мектеп қоржынын 2 «Алтын медаль», 3 «Күміс медальмен» толтырды.Олар: құқық пәнінен Мөрліхан Лаура мен Майрамов Амантай І орын иеденіп, алтыннан алқа тақса, Амантай оқу грантын иеленіп, бүгінде Қарағанды Заң университетінің І курс студенті. «Күміс алқа» иегерлері, 10 - сынып оқушылары: Қазақстан тарихы пәнінен Қойшыбаева Нұршат пен орыс тілінен Тәжібаева Уасима, 11 – сынып Қайыржанова Назкен де ІІ орын иеленіп, күмістен алқа тағып, бүгінде Әл – Фараби атындағы ҚазҰМУ-нің филология факультетінің І курс студенті.
Аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген оқушылар легі Ақшұқыр мектеп-лицейінде күн өткен сайын артып келеді. Солардың бірі – 10 «а» сынып оқушысы Диас Ахмеджанов «Туймаада – 2015» халықаралық математикалық олимпиадаға жолдаманы жеңіп алып, шілде айында Якутия жерінде өткен байқауда жақсы жетістікке қол жеткізді.
9 – сынып оқушылары Хиса Медина мен Асанбаева Эльнара жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 26-28 мамыр күндері аралығында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында өткен Қаныш Сәтпаев атындағы IV халықаралық пәндік олимпиаданың республикалық турына қатысып, сертификатын алып қайтты.
Алматы қаласында өткен І республикалық «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаудан ән-би байқауына «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша қатысқан мектебіміздің 9 - сынып оқушысы Іздібай Лесбай ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, дипломант атанса, 6 - сынып оқушысы Жалғасова Аружан ІІ орын алып, лауреат атағына ие болды. Наурыз айында өткен «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі әннен және жеке аспапта орындаушылардың, көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына «көркемсөз» номинациясы бойынша 8 - сынып оқушысы Башаев Сүндет ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.
Мектепте оқушыны еңбекке үйрету, кәсіптік бағдар беру – қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Осыған орай, 2014 жылдан бастап «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры NCOC компаниясының қаржылай қолдауымен «Ауылдық мектептерде кәсіптік бағдар беру» бағдарламасын ендіру жобасын Түпқараған ауданының орта мектептерінде жүзеге асыра бастады. Жоба мақсаты «Кәсіптік өзін-өзі анықтау», «Мамандықтармен танысу» кешенді бағдарламасын енгізу және оқыту арқылы оқушылардың мамандықты саналы түрде таңдауын қалыптастыруға жағдай жасау және пән мұғалімдеріне кәсіптік бағдар берудің коммуникативті әдістемелері бойынша білімін жетілдіру, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік тудыру болып табылады. Аталған жоба аясында ағымдағы жылдың «Үздік мектеп» байқауында Ақшұқыр мектеп-лицейі ІІ орынды иеленді. Ал «Үздік мұғалім» байқауында Гүлден Дүйсембаеваға «Алғыс хат» берілді.
ҰБТ – мектептің бір оқу жылындағы білім көрсеткіші десек, осы межеден де білім ордамыз жоғары деңгейден көрініп, «үздік аттестатты» қанжығаға байлап, 85,14 ұпаймен ауданда алғашқы орынға шықты.
Білімді шәкірттерінің арқасында Ақшұқыр мектеп-лицейі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұсынған «Үздік ауыл мектебі» атағын алды. Бұл - кеше ғана ашылған білім ордасы үшін үлкен мәртебе, зор табыс, асқақ абырой.
Алғашқы айлардың өзінде-ақ білім баспалдағына нық қадаммен көтерілген білім ордасы қандай үлгідегі сайыс болса да, қатарынан қалыс қалмауды мақсат еткен. Ұстазы әділетті, шәкірті қабілетті ұжым бек бірлікпен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған «Үлгілі мектеп-2015» сырттай байқауында бағын сынап үлгерді. Заманауи талапқа сай жасақталған мектептің материалдық-техникалық базасы мен ақпараттық деректерінен құралған білім ұйымының портфолиосы сапалы құрылымымен сыннан сүрінбей өтіп, байқаудың «Бас жүлдесін» қанжығалап, ұйымдастыру алқасы Халықаралық Экология және Инженерия Ғылым Академиясының кубогын иемденді.
Жаңа 2015 – 2016 оқу жылының басталғанына да санаулы күндер өтсе де, мектебіміздің білімді шәкірттері мен білікті мамандары білім додасындағы сайыстардың жеңіс тұғырынан көрініп, мектептің марапат қоржынына сүбелі үлестерін қосуда.Атап айтар болсақ, аудандық Президенттік олимпиадада 11- сынып оқушылары: математика пәнінен – Ахмеджанов Диас – ІІ орын,
Қарабасов Арман – ІІ орын,
Әуезова Мария – химия, І орын.
Биология пәні бойынша:
Жеткізген Оразалы, Жалғасова Ақнұр, Қайырханов Мерей – ІІІ орын,
физика пәнінен - Жаңабаев Данияр – І орын, Мұсабаева Айдана – ІІІ орын иеленді.
10-сынып оқушысы Шүкірбай Досбол Махамбет оқуларының облыстық кезеңінде бас жүлде алып, республикалық кезеңіне қатысып, өз өнерімен көпшіліктің көңілінен шыға білді.
Өңірімізде дәстүрлі түрде өтетін Әбіш оқулары байқауында 11 – сынып оқушысы Егізбай Нұрсұлтан Әбіш Кекілбаевтың шығармалары бойынша көркемсөз сайысының аудандық кезеңінде – бас жүлде, облыста – І орын иеленсе, Маңғыстаунама-2015 байқауының ғылыми жобалар байқауында бас жүлдені қанжығасына байлап, облыс кезеңге жолдама алды.Осы сайыстың ашық тәрбие сағаты кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекқожина Назгүл ІІ орын, тарих пәні мұғалімдерінің олимпиадасында Кусекбаев Әділбек – бас жүлде иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.Тәжірибелі де шығармашыл ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Қадирова Әлия Айытжанқызы «Үздік олимпиада жеңімпаздарының жетекшісі, «Үздік ғылыми жоба жеңімпаздарының жетекшісі», номинациясымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен, облыстық Дарын қосымша білім беру орталығының Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Алғыс хатымен және аталған мекеменің Құрмет Грамотасымен марапатталып, ұжым мұғалімдерінің көшін бастап берді.
Мектебімізде жас ұрпаққа сапалы білім берумен саналы тәрбие беру де оң жолға қойылған.Жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке, ынтымақ пен бірлікке баулуда сыныптан тыс шаралардың орны ерекше екені баршамызға аян.Осы бағытта мектебімізде айтарлықтай игі шаралар атқарылуда.Қазақстан халықтарының Ассамблеясының 20 жылдығына орай өткен байқауларда оқушыларымыз белсенділік танытып, сайыстардың биік шыңынан көріне білді.Мысалы, «Елім менің – ұлыстар мекені» атты байқауда көркемсөз байқауында 5 – сынып оқушысы Қуаналы Ермұрат – бас жүлде, украин халқының әні мен биін орындауда 8 –сынып оқушылары: Берікбаева Жансая мен Алджанов Байғабыл ІІ оын, түрік халқы бойынша – 7 сыныптан Базарбаева Альбина мен Күнтебай Нұржан ІІІ орын, өңірдегі өзге ұлт өкілі ұстаздар туралы шығармалар байқауында 9 – сынып оқушысы Ақыл Айдана І орын иеленсе, аудан көлеміндегі жастар арасында өткен «Ана тілінің аруы-2015» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амалова Ақжүніс бас жүлде және жастар арасында өткен облыстық Полиглот байқауында ағылшын тілінің жас маманы Сәбитова Гауһар ІІІ орынды иеленсе, оқушылар арасында өткен Полиглот сайысында 8 – сынып оқушысы Жұмасат Інжу І орыннан көрінді.
Салуатты өмір салтын ұстану мектеп ұжымының әр мүшесінін және шәкіртінің басты қағидасы іспетті.Қыркүйек айының 5 күні өткен Денсаулық фестиваліне мектеп ұжымы мен оқушылары бір кісідей ат салысып, барлығы да мектеп жанындағы спорт алаңына жиналды.Мектепте өтетін барлық игі шаралардың басы – қасынан табылатын іскер де еңбекқор басшымыз Тлеубаева Қаламқас апайымыз осы күні де барлық спорттық шараларға қатысып, жас буынға өнегелі ісімен үлгі болды.
Жас ұрпақты спортқа баулып, ауыл жастарына салауатты өмір салтын насихаттауда дене тәрбиесі мұғалімдерінің де еңбектері зор.Мектеп жанында таэквон-до, волейбол, футбол, жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан тегін үйірмелері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
15 қазан күні аудандық «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен «Есірткі - бұл біздің тақырыбымыз емес» атты оқушылар форумына мектеп оқушылары қатысып, жүлделі орындарды иеленді.Атап айтсақ, 8 -сынып оқушысы Балибаева Әйгерім форум аясында ұйымдастырылған аудандық зерттеу жұмыстары бойынша ІІ дәрежелі дипломмен, осы форум аясында ұйымдастырылған «Есірткі - заман кеселі» атты жас ақындар жырлайды байқауында 9 - сынып оқушысы Сұлтанмұратова Сандуғаш ІІ дәрежелі дипломмен, сондай-ақ «Зиянды әдеттертерден аулақ бол!» сахналық қойылым байқауы бойынша 9 – сынып оқушылары І дәрежелі дипломмен марапатталды.
9 – сынып оқушылары Түпқараған аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған «Есірткісіз есті әлем» атты драма ұжымдары байқауына қатысып, жүлделі 1 орынға ие болып, облыстық байқауға жолдама алды.
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп – лицейі,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қартбаева Гүлзира