Ел мектептеріндегі балалардың тамақтану сапасын арттыру қажет. Агроөнеркәсіптік кәсіпорындар оқу ордаларымен серіктестік орнатуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында осылай деді. Енді жауаптылар мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасын қадағалауы тиіс. Сондай-ақ Президент Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улану оқиғасын еске салып, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу керектігін қадап айтты. Бұл тұста қазір жұмыс атқарылып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі асханаларға бақылау жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Енді арнайы мәзірді әзірлеумен жергілікті білім басқармасы емес, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары айналысатын болады. Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: - Биыл 7 заңнамалық актіге тамақтану сапасын арттыратын өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ қоғамдық бақылау жұмысы заңдастырылды. Бұрын тексеру комиссиялары асханаларды айына тек бір рет тексерсе, енді күнделікті тексеріп отыруға құқығы бар. Бұған қоса, бұрын медицина саласының мамандары комиссия мүшесінде болмайтын. Ал енді олар міндетті түрде болуға тиіс. Себебі медицина мамандары азық-түлік сапасын дұрыс бағалай алады.